Бүгін Алматы қаласында көрнекті жазушы, драматург, Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабековпен қоштасу рәсімі өтті. Жазушыны ақтық сапарға шығарып салу Қазақстан Жазушылар одағының ғимаратында ұйымдастырылды.Бұл туралы Ұшқын тілшісі хабарлайды.
Қаралы жиынға еліміздің белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, мәдениет және өнер өкілдері, қаламгерлер мен қарапайым халық жиналды. Жиынды Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов жүргізді. Жазушының руханиятқа қосқан үлесін атап өткен жиын барысында ел басшылығы да көңіл айту жеделхатын жолдады. ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жазушының еңбегіне берген жоғары бағасын жеткізді. Президенттің хатында Дулат Исабековтің қазақ әдебиетіне қосқан зор үлесі мен шығармаларының халық жадында мәңгі сақталатыны айтылды.
Дулат Исабеков қазақ әдебиетінің дамуына айрықша үлес қосқан қаламгерлердің бірі еді. Оның шығармалары ұлттық руханиятқа серпін беріп, көптеген оқырмандарға ой салды. Жазушының қаламынан туған туындылар театр сахналарында қойылып, әдебиетсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді.
Қоштасу рәсімінен кейін жазушының денесі жер қойнына тапсырылды. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілінің рухына тағзым етіп, халық оның есімін мәңгілік есте сақтайтынын білдірді.