Астана мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Болат Мажағұлов аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырғаны үшін 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.
Ол 2016 жылы Есіл өзеніндегі «Күн» субұрқағының құрылысына бөлінген 1 миллиард теңгеден астам қаржыны жымқырды деп айыпталды. Жобаның сапасыз материалдардан жасалғаны, құжаттамасының толық болмағаны және мемлекеттік сараптамадан өтпегені анықталды. Нысан 2017 жылдан бері жарамсыз күйде тұр.
Тергеу барысында Мажағұловтың 3 коммерциялық үй-жайы, 2 автотұрағы және премиум-класты пәтеріне ауыртпалық салынды. Сонымен қатар, іс бойынша мердігер ұйым өкілі Мәди Қанапина 3 жыл 6 айға сотталды.