Қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы-драматург Дулат Исабеков 82 жасында дүниеден өтті. Бұл қазақстандық әдебиет пен мәдениет үшін орны толмас қаза. Марқұмның жатқан жері жайлы, рухы пейіште шалқысын.Бұл туралы Ushqyn.kz тілшісі хабарлайды.
Дулат Исабеков – қазақ әдебиетінің классигі атанған қаламгерлердің бірі. Ол өзінің шығармаларында адам тағдыры, ұлттық болмыс, әлеуметтік әділетсіздік мәселелерін тереңнен қозғап, шынайы суреттей білді. Оның прозасы қарапайым халықтың тұрмыс-тіршілігі мен ішкі жан дүниесін дәл бейнелеуімен ерекшеленеді.
Дулат Исабеков 1942 жылы 20 желтоқсанда Түркістан облысында дүниеге келген. Ол әдебиетке өткен ғасырдың 60-жылдарында келіп, шығармашылық жолын әңгіме, повесть жазудан бастаған. «Гауһартас», «Дермене», «Қарғын», «Сүйекші» сынды шығармалары – қазақ әдебиетінің алтын қорына енген туындылар.
Жазушы драматургия саласында да үлкен жетістіктерге жетті. Оның «Әпке», «Ескі үйдегі екі кездесу», «Мұрагерлер» пьесалары театр сахналарында үздіксіз қойылып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Оның туындылары тек Қазақстанда ғана емес, шет елдерде де жоғары бағаланып, бірнеше тіліне аударылды.
Дулат Исабеков шығармашылығы арқылы қазақ әдебиетінің дамуына зор үлес қосты. Ол өз кейіпкерлерінің ішкі жан дүниесін шынайы әрі терең аша білді. Оның туындылары бүгінгі оқырман үшін де өзектілігін жоғалтқан емес. Жазушының әдеби мұрасы келешек ұрпақ үшін баға жетпес қазына болып қала бермек.
Қаламгердің қазасы – қазақ әдебиеті мен мәдениеті үшін ауыр қайғы. Дулат Исабековтің есімі мен шығармалары халық жадында мәңгі сақталары сөзсіз.
Марқұмның отбасы мен жақындарына редакция атынан қайғырып көңіл айтамыз. Жатқан жері жайлы, иманы жолдас болсын!