Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары қызметінен босатылды. Партияның шұғыл өткен отырысында бұл шешім бірауыздан қабылданды. Кадрлық өзгерістердің дәл осы сәтте орын алуы оның жуырда жасаған мәлімдемесімен тікелей байланысты болуы мүмкін деген пікірлер айтылуда.Бұл туралы Ushqyn.kz тілшісі хабарлайды.
Еске салсақ, Мәжілістің соңғы отырысында Дайрабаев Солтүстік Қазақстан өңіріне жасаған сапарынан кейін елді мекендер мен көшелердің атауларының әлі күнге дейін қазақшаланбағанына наразылық білдірген еді.
«Солтүстік аймаққа сенбіде барып қайттым. Көшелер мен елді мекендердің атауларын көріп, бөтен елде жүргендей күй кештім. Бұл – тәуелсіз Қазақстан үшін масқара жағдай! 34 жыл өтсе де, мемлекеттік тілдің мәртебесі толық орнаған жоқ. Біз – мемлекет құраушы ұлтпыз. Қазақша атауларға көшуге кім кедергі жасап отыр? Қайда қарап отырсыздар?» – деп мәселе көтерген болатын депутат.
Дайрабаевтың бұл пікірін қоғам қызу талқылап жатқанда, оның партиядағы лауазымынан босатылғаны белгілі болды. Сарапшылардың пікірінше, бұл – оның алдағы уақытта депутаттық мандатын тапсыруы мүмкін екенін көрсететін алғашқы белгі.
Әзірге Дайрабаевтың өзіне қатысты қабылданған шешім бойынша қандай да бір ресми мәлімдеме жасағаны белгісіз.