Мектеп асханаларынa фасуд пен кофеге тыйым салынды,деп хабарлайды Ushqyn.kz тілшісі.
2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап мектептер мен медициналық мекемелерде тамақтанудың жаңа стандарттары енгізіледі. Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен жаңа ережелер бойынша, оқу орындарында фастфуд, саңырауқұлақтар және кофе сатуға тыйым салынады. Сондай-ақ, балаларға арналған тағамдардың сапасы мен құрамы қатаң бақылауға алынады.
Мектептерде тамақтану оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай бейімделетін болады. Бұрынғыдай бір реттік ас мәзірі емес, енді балалар күніне алты ретке дейін тамақтану мүмкіндігіне ие. Бұл олардың дұрыс тамақтану дағдыларын қалыптастырып, денсаулығын жақсартуға көмектеседі.
Жаңа стандарттар бойынша:
- Мектеп асханаларында ГМО және сапасыз өнімдерді қолдануға тыйым салынады.
- Тамақтану рационының кемінде 75%-ын өсімдік тектес өнімдер құрайды.
- Тұз бен қант мөлшері шектеледі, ал тағам құрамындағы пайдалы дәрумендер сақталуын қамтамасыз ету үшін арнайы дайындық әдістері қолданылады.
Бұдан бөлек, балабақшаларда аутсорсинг пен кейтерингке тыйым салынады. Бұл тамақ сапасын қатаң бақылауға және балаларға табиғи, жаңа дайындалған тағам ұсынуға мүмкіндік береді.
Ауруханаларда да тамақтану жүйесі өзгермек. Енді науқастар үшін түзетуге болатын негізгі диеталар енгізіледі. Сонымен қатар, тамақтану күніне 4-6 рет ұйымдастырылып, тағам үлесі диетолог дәрігердің бақылауымен өлшенеді.
Жаңа стандарттар халықтың дұрыс тамақтану әдеттерін қалыптастыруға және денсаулыққа зиянды өнімдерді шектеуге бағытталған. Бұл бастама балалар мен науқастардың дұрыс тамақтануына оң әсер етеді деп күтілуде.