Алматыда экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың резиденциясы маңында түсірілім жүргізіп жүрген Orda.kz тілшілері полицияға ұсталды. Редакция мәліметінше, олар бұрынғы бірінші ханым Сара Назарбаеваның қазіргі жағдайына қатысты дерек жинауға барған.
Журналистер құқық қорғау органдарына жеткізілгеннен кейін, полиция түсірілген материалдарды жоюды талап еткен. Бірнеше сағат өткен соң тілшілер босатылған.
Оқиға кезінде Алматыдағы Дулати көшесі мен Тұңғыш Президент саябағының маңында қозғалыс шектеліп, қауіпсіздік шаралары күшейген. Қала тұрғындары Сайна даңғылы да жабылғанын әлеуметтік желіде жазуда.
Бұған дейін, 14 сәуір күні қала орталығында самокаттар істемей қалған еді. Бұл құбылыс Тоқаевтың Алматыға сапары кезінде де тіркелген.
Еске салайық, бұған дейін Сара Назарбаеваның ауыр хәлде ауруханада жатқаны туралы бейресми ақпарат тараған болатын. Orda.kz мәліметінше, Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі де қазір Алматыда жүр.