АҚШ бұрын Украинаға берген қаржылай көмекті қайтару үшін бұл елдің табиғи ресурстарына қол жеткізуді көздеуде. АҚШ-тың 47 президенті Дональд Трамп Украинамен жаңа келісім жасасуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.Бұл туралы «Ұшқын» тілшісі хабарлайды.
Оның айтуынша, Вашингтон Киевке әскери және экономикалық көмек көрсеткенімен, бұл қаржы ешқандай қайтарымсыз кеткен. Сол себепті АҚШ енді бұл қаражаттың орнын толтыру мақсатында Украинадан сирек кездесетін металдар мен мұнай алуға ниетті.
Трамптың пікірінше, Еуропа Украинаға көмекті несие түрінде ұсынып, қайтарымын қамтамасыз етсе, ал АҚШ ешқандай шартсыз миллиардтаған доллар бөлді. Ол бұл жағдайды әділетсіз деп санап, Вашингтонға да өз салған қаражатын қайтару қажет екенін атап өтті.
Бұған дейін АҚШ пен Украина арасында сирек кездесетін металдарды өндіру бойынша 50/50 үлесінде бірлескен қор құру туралы келіссөздер жүргізілген болатын. Алайда, Украина бұл шарттарға келіспегеннен кейін, АҚШ талаптарын күшейтіп, енді барлық табыс тек Америкаға тиесілі болуы керек деген ұстанымға өтті.
Жаңа талаптарға сәйкес, Украина өзінің табиғи ресурстарынан түсетін табысты АҚШ басқаратын қорға аударуы тиіс. Бұл төлем қоры 500 миллиард доллар көлеміне жеткенше жалғасады. Трамп Украина бұл шарттарды орындауы тиіс екенін айтып, келісімге келмеген жағдайда екі ел арасындағы қарым-қатынастың нашарлайтынын ескертті.