Сурет: ашық дереккөзден
Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденов есін жиды,4 сағатқа созылған ота сәтті аяқталды,- деп хабарлайды Ushqyn.kz тілшісі.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовқа жасалған күрделі операция сәтті аяқталды. Хирургиялық араласу төрт сағатқа созылып, нәтижесінде оның жағдайы тұрақтандырылды. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, Берденов есін жиып, өміріне төніп тұрған қауіп сейілген.
Медицина қызметкерлері оның жағдайын «тұрақты ауыр» деп сипаттап отыр. Ота барысында қан кету тоқтатылып, оқ жарақатынан келген күрделі зақымдар қалпына келтірілген.
Оқ оң жақ кеуде тұсына тиіп, өкпеге, қабырға аралық артерияларға және диафрагмаға зақым келтірген. Бұған қоса, ішкі ағзалар да жарақат алған.
Қазіргі таңда Руслан Берденов барлық қажетті ем-дом шараларымен қамтамасыз етілуде. Дәрігерлер оның жағдайын жақсарту үшін бар күшін жұмсап жатыр.