Шымкенттік тәуелсіз журналист Мөлдір Нұрман қаладағы ауыз су жүйесіне қатысты зерттеу жариялағаннан кейін билік тарапынан қысым көріп жатқанын мәлімдеді. Бұны Ushqyn.kz тілшісі хабарлайды.
Журналист видеоүндеуінде коммуналдық саладағы 40 млрд теңгеге жуық қаражаттың тиімділігіне күмән келтіріп, осы бағытта зерттеу жүргізгенін айтады. Аталған материалда ауыз су жүйесін жеке компаниядан коммуналдық меншікке қайтару процесінің ашықтығы сынға алынған.
Мөлдір Нұрманның айтуынша, бұған дейін қозғалған қылмыстық іс жабылғанымен, полиция қайтадан іс қозғап, «филологиялық сараптама нәтижесінде мәселе табылды» деп, кешірім сұрауды талап еткен.
— Халықтың ақшасына жұмыс істейтін мекемелерді сынағаным үшін қысым көріп отырмын. Жол сапасы сын көтермейді, жуырда 6 жасар бала шұңқырға түсіп қаза тапты. Бірақ қала басшылығы халық алдына шықпады, — деді ол.
Журналист өзінің TikTok парақшасындағы сыни жазбаларынан кейін «тыныш жүр» деген мазмұндағы ескертулер ала бастағанын да айтты.