Соңғы жылдары Қазақстанда декреттік төлемдерді көбейтудің түрлі жолдары ашық талқыланып, әлеуметтік желілер мен мессенджер топтарында кеңінен насихатталды. Кей азаматтар арнайы курстар ұйымдастырып, зейнетақы қорына қосымша қаражат аудару арқылы мемлекеттен жоғары мөлшерде төлем алуға болатынын үйретті. Алайда, жақында осы әдісті қолданған 113 әйелдің үстінен қылмыстық іс қозғалып, олардың заң алдында жауап беретіндігі белгілі болды.
Белгілі журналист Гүлбану Әниятқызы бұл іске қатысты өз пікірін білдіріп, тек осы схеманы пайдаланған аналар ғана емес, оны үйреткендер де жауапқа тартылуы керек екенін атап өтті.
«Декретке миллионмен» шыққан 113 әйелдің үстінен қылмыстық іс қозғалды. «Декретке миллионмен» деген курс сатқан Дәулет қазір депутат болып отыр. Меніңше, ол да жауапқа тартылуы керек,» – деді журналист.
Бұл пікірге қатысты қоғамда әртүрлі көзқарастар қалыптасты. Бір тарап аналардың заңсыз әрекетке барғанын айтса, екінші тарап олардың тек қолжетімді мүмкіндікті пайдаланғанын алға тартуда. Сонымен қатар, кей азаматтар бұл схеманы үйреткендердің заңсыз әрекетке барғанын айтса, енді бірі курс авторлары тек заң аясындағы мүмкіндіктерді көрсеткенін алға тартып, оларды кінәлауға негіз жоқ екенін жазуда.