Тараз қаласында сыбайлас жемқорлық дерегі бойынша лауазымды тұлғаларға қатысты үкім шықты. Жамбыл облыстық экология департаментінің басшысы Т. Смағұлов пен «Тараз металлургия зауыты» ЖШС-нің өкілдері – бас директордың орынбасары Б. Полатбеков және эколог М. Асан қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Сот мәліметінше, Смағұлов кәсіпорын тарапынан пара алған. Ал зауыт қызметкерлері экологиялық заңбұзушылықтарды жасыруға, тексеру кезінде жағдайды «жөнге салуға» көмектескені үшін пара бергені анықталған.
Айыпталушылардың барлығына жалпы сомасы 24 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар, олар мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды.