Атырау облысы, Жылыой ауданы, Құлсары қаласында бір жыл бұрын жасөспірімдер арасындағы жанжалдың соңы адам өлімімен аяқталды. 17 жастағы Елдар Аманбек белгісіз бір топтың шабуылына ұшырап, ауыр соққы мен пышақ жарақатынан көз жұмды. Қайғы жамылған анасы Алтынай Шалтаева әлі күнге дейін ұлының өліміне кінәлілердің тиісті жазасын алмағанын айтып, әділ тергеуді талап етеді. Бұл туралы Ushqyn.kz тілшісі хабарлайды.
Қайғылы оқиға 2024 жылдың 19 қаңтарында болған. Марқұмның анасының айтуынша, сол күні Елдар көлікте достарын күтіп отырған. Кенеттен бір топ жасөспірім шабуыл жасап, оны аяусыз соққыға жыққан. Жәбірленушінің екі досы қашып үлгергенімен, Елдар қалың топтың ортасында қалып, санына тиген пышақ жарақатынан көп қан жоғалтып, сол жерде жан тапсырған.
Куәгерлердің сөзінше, шабуылдаушылар оны басқа адаммен шатастырып алған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, 1-ші және 4-ші ықшамаудандар арасындағы келіспеушіліктер жиі болып тұрады. Марқұмның анасы бұл қақтығыстардың салдарынан жазықсыз баласының өмірі қиылғанын айтып, қылмыскерлердің әділ жазаланғанын қалайды.
Оқиға бойынша алғашқы тергеу барысында 12 адам күдікке ілініп, кейін олардың көпшілігі куәгер ретінде қарастырылған. Күдіктілердің бірі бір жыл бойы тергеу изоляторында отырып, биыл ақталып, бостандыққа шықты. Ал төртеуі әскерге кетіп, жазадан құтылып кеткен.
Қазіргі таңда 4 күдікті қамауға алынып, 7 адам үйқамаққа жіберілген. Оларға «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» және «Бұзақылық» баптары бойынша айып тағылған.
Алтынай Шалтаева тергеу әділ жүргізіліп, қылмыскерлер өз жазасын алуын талап етуде. Ол құқық қорғау органдарынан істі қайта қарап, шынайы әділеттілікті қамтамасыз етілуін сұрайды.