Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясы (АЭС) Алматы облысы, Жамбыл ауданында салынады. Бұл туралы тиісті қаулы 2024 жылдың 30 желтоқсанында қабылданып, оған Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды. Құжат 2025 жылдың 25 ақпанында ресми түрде жарияланып, өз күшіне енді.Бұл туралы Ushqyn.kz тілшісі хабарлайды.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, АЭС құрылысы елдің электр қуатына деген өсіп келе жатқан сұранысын қанағаттандыруға және көмірге тәуелділікті азайтуға бағытталған. Жаңа станция Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, парниктік газдар шығарындыларын төмендетуге көмектеседі.
АЭС салынатын жер ретінде Алматы облысының таңдалуы өңірдің инфрақұрылымдық мүмкіндіктерімен байланысты. Жоба жүзеге асырылған жағдайда, бұл елдегі ең ірі энергетикалық нысандардың біріне айналады.
Қазіргі уақытта Қазақстан АЭС салу технологиясын таңдау бойынша бірнеше елмен келіссөздер жүргізіп жатыр. Мамандардың айтуынша, қауіпсіздік мәселесі басты назарда болады. Осыған байланысты құрылыс барысында әлемдік стандарттарға сәйкес келетін заманауи реакторлар пайдаланылмақ.
Жобаға қатысты қоғамда түрлі пікірлер айтылуда. Кейбір сарапшылар АЭС-тің ел экономикасына оң әсерін атап өтсе, экологиялық ұйымдар мен белсенділер оның қауіпсіздігі мен қоршаған ортаға ықтимал әсері туралы алаңдаушылық білдіруде.