Қазақстанда мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысы, сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) пен тұрғын үй көмегі көбейтілетін болды. Бұл туралы Қазақстан премьер-министрінің орынбасары, ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғарин Taldau Talks подкастында мәлімдеді,- деп хабарлайды Ushqyn.kz.
Серік Жұманғариннің айтуынша, заң бойынша жалақы мен әлеуметтік төлемдер инфляция деңгейіне сәйкес өсірілуі тиіс. Осыған байланысты, бюджет саласындағы қызметкерлердің, соның ішінде мұғалімдер мен медицина қызметкерлерінің еңбекақысы көтерілмек. Бұл мақсатта мемлекет 500-800 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлуді жоспарлап отыр.
АӘК алушылар саны қазіргі таңда 200 мың адамға жуықтайды. Бұл азаматтарды қолдау мақсатында 40-45 миллиард теңге көлемінде қосымша қаржы бөлінеді. Сонымен қатар, тұрғын үй көмегі де ұлғайтылмақ. Жұманғариннің айтуынша, коммуналдық қызмет тарифтерінің қымбаттауына байланысты мемлекет халықтың шығындарын өтеу үшін тұрғын үй көмегін арттыруды көздеп отыр.
Жаңа өзгерістер халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартып, өмір сүру деңгейін көтеруге бағытталған. Қазіргі таңда үкімет инфляцияның экономикалық әсерін есептей отырып, қаржыландыру көлемін нақтылауда.