2025 жылғы 1 шілдеден бастап елімізде балық және су жануарларын аулауға қатысты жаңа шектеулер мен жауапкершілік түрлері енгізілді. Енді заңда белгіленген лимиттен асырып аулау – әкімшілік немесе қылмыстық жазаға әкелуі мүмкін.
Экология министрлігінің мәліметінше, бұл шара балық қорын сақтау мақсатында қолға алынған. Бұдан былай артық аулаған балық үшін жеке азаматтардан бастап, ірі кәсіпкерлерге дейін жауапқа тартылады.
Бекітілген лимиттен тыс балық аулағаны үшін айыппұл көлемі:
Жеке тұлғаларға – 10 айлық есептік көрсеткішке дейін (шамамен 39 мың теңге);
Шағын кәсіп иелеріне – 30 АЕК (117 мың теңге);
Орта бизнеске – 50 АЕК (196 мың теңге);
Ірі кәсіпорындарға – 100 АЕК (393 мың теңге) көлемінде айыппұл салынады.
Қайталанған жағдайда жаза күшейтіледі.
Егер азамат немесе кәсіпкер жыл ішінде екінші рет заң бұзса, айыппұл екі есеге дейін ұлғаяды. Ал егер әрекет ірі көлемде залал келтірсе, жауапкершілік қылмыстық сипат алады. Мұндайда:
3 000 АЕК-ке дейін айыппұл (11,8 млн теңгеге жуық).
Тіпті үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады.
Ал заңды қайта бұзған жағдайда, айыппұл 15,7 млн теңгеге дейін өсіп, 4 жылға дейін түрмеге түсу қаупі бар.
Мамандар табиғи ресурстарды заңсыз пайдаланудың арты ауыр салдарға әкеп соғатынын ескертеді. Сондықтан балық аулау алдында қолданыстағы нормативтермен танысып, рұқсат етілген шектеулерді сақтау қажет.
