Сурет:reuters
Франция президенті Эммануэль Макрон Еуропаның қорғаныс стратегиясына қатысты маңызды мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, Еуропа енді қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тек АҚШ-қа арқа сүйей алмайды. Осыған байланысты Франция өз ядролық қаруын одақтастарының аумағында орналастыруға дайын екенін білдірді.Бұл туралы Ushqyn.kz хабарлайды.
Макронның айтуынша, Францияның ядролық әлеуеті Еуропаның қауіпсіздігін нығайтуға қызмет етуі мүмкін. Париж бұл бағытта одақтастарымен тереңірек ынтымақтастық орнатуға дайын. Сонымен қатар, Франция қажет болған жағдайда серіктес елдерді ядролық тежеу жаттығуларына қатыстыруға мүмкіндік беретінін мәлімдеді.
«Бұл қадам еуропалық елдердің қорғаныс саласында стратегиялық мәдениетін қалыптастыруға көмектеседі», – деді Макрон.
Франция президентінің пікірінше, Еуропа өзінің қорғаныс саласында дербестікке ұмтылуы тиіс. Ол АҚШ-тағы саяси өзгерістер мен Дональд Трамптың ұстанымдары Еуропаны НАТО-ға деген сенімді қайта қарастыруға мәжбүрлейтінін атап өтті.
«Еуропаның толықтай тәуелсіз болуы үшін ауқымды инвестициялар қажет. Бұл процесті жүзеге асыруға шамамен он жылдай уақыт керек», – деді Макрон.
Бұл мәлімдеме Еуропаның қауіпсіздік саласындағы жаңа кезеңнің басталғанын көрсетеді. Францияның ұстанымы одақтастарын жаңа қорғаныс стратегияларын қарастыруға итермелеуі мүмкін.
