Түркістан облысының Сарыағаш қаласында адам шошырлық оқиға орын алды. 19 жастағы, екінші топтағы мүгедек Жасұлан Әбдіманап белгісіз біреулердің қолынан қаза тапты. Қылмыскерлер оны елсіз жерге апарып, 14 рет пышақтап өлтірген.Бұл туралы Ushqyn.kz тілшісі хабарлайды.
Марқұмның денесі екі күн өткен соң, 22 ақпанда, ауыл шопанының көзіне түсіп, полицияға хабар берілген. Құқық қорғау органдары дереу тергеу жұмыстарын бастап, күдіктілерді анықтауға кірісті. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, марқұм күдіктілердің бірінің қысымымен 280 мың теңге көлемінде несие алуға мәжбүр болған.
Оқиғаның тағы бір шошыртарлық тұсы – күдіктілердің бірі әскери қызметкер екені белгілі болды. Бұл жайт қоғамда үлкен резонанс тудырып, әділ тергеу жүргізуді талап еткен азаматтардың наразылығын күшейтті.
Қазір тергеу амалдары жалғасуда. Құқық қорғау органдары қылмысқа қатысы бар барлық адамдарды анықтап, кінәлілердің қатаң жазаланатынына сендіріп отыр. Алайда, бұл жағдай әділеттіліктің орнауына деген халықтың күмәнін күшейтті. Қоғам шындықтың ашылып, қылмыскерлер заң алдында жауап беретініне үміт артып отыр.