Сарыағашта 19 жастағы мүгедек жігітті қатыгездікпен өлтірді деген күдікпен әскери қызметкер қамауға алынды.Бұл туралы Ushqyn.kz тілшісі хабарлайды.
Түркістан облысының Сарыағаш қаласында жан түршігерлік қылмыс орын алды. 19 жастағы, екінші топтағы мүгедек Жасұлан Әбдіманап белгісіз біреулердің қолынан қаза тапты. Қылмыскерлер оны елсіз жерге апарып, 14 рет пышақтап өлтірген.
Марқұмның денесін екі күннен кейін ауыл шопаны тауып, полицияға хабар берген. Құқық қорғау органдары тергеу жұмыстарын бастап, күдіктілерді анықтауға кірісті. Алдын ала мәліметтер бойынша,күдіктілердің бірі анасы ауырып жатыр деген желеумен марқұм жігітке несие алдырған.
Оқиғаның қоғамды дүр сілкіндірген тағы бір тұсы – күдіктілердің бірі әскери қызметкер екені белгілі болды. Бұл жайт әлеуметтік желілерде үлкен наразылық тудырып, халық әділ тергеу жүргізуді талап етуде.
Оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасының мәліметінше, «Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлігі (адам өлтіру)» бойынша қылмыстық іс қозғалған. Күдікті ҚР ҚПК-нің 128-131 баптарының тәртібімен ұсталып, екі айға қамауға алынды.
Қоғам бұл оқиғаның әділ тергелуін және кінәлілердің заң алдында қатаң жауапқа тартылуын талап етіп отыр. Бұл қылмыс тек жеке бір адамның ғана емес, тұтас қоғамның қауіпсіздігі мен әділдікке деген сенімін сынға салып отыр.