Сурет: Pixabay.com
Қазақстанда көлік жуу орындары енді ауыз суды пайдалана алмайды. Мәжіліс жаңа Су кодексін қабылдап, елдегі су ресурстарын ұтымды пайдалану мақсатында талаптарды күшейтті. Енді көлік жуатын орындар тек айналымдағы су жүйесі арқылы ғана жұмыс істей алады. Бұл дегеніміз – пайдаланылған су қайта тазартылып, қайта қолданысқа енгізілуі тиіс.Бұл туралы «Ұшқын» тілшісі хабарлайды.
Депутат Павел Казанцевтің айтуынша, ауыз суды пайдаланып, оны кәрізге жіберетін кәсіпорындарға жұмыс істеуге рұқсат берілмейді. Жаңа талапқа бейімделу үшін бизнес өкілдеріне екі жыл уақыт беріледі. Осы мерзім ішінде көлік жуу орындары өз жүйелерін қайта жабдықтауы керек.
Бұл өзгеріс экологияны қорғау және су ресурстарын үнемдеу мақсатында қабылданғанымен, шағын бизнес үшін айтарлықтай қиындықтар туғызуы мүмкін. Өйткені айналымдағы су жүйесін орнату қосымша шығынды талап етеді. Сарапшылардың пікірінше, бұл көлік жуу бағасының қымбаттауына әкелуі мүмкін. Сонымен қатар, кейбір кәсіпкерлер жаңа ережені айналып өтуге тырысып, заңсыз жұмыс істейтін орындар көбеюі мүмкін деген қауіп бар.
Дегенмен, жаңа талап суды үнемдеуге және экологиялық жағдайды жақсартуға оң әсерін тигізеді. Қазірдің өзінде ірі көлік жуу желілері бұл жүйені енгізуге дайын екенін хабарлауда. Ал шағын кәсіпкерлер үшін мемлекет тарапынан қандай да бір қолдау шаралары қарастырыла ма – бұл сұрақ әзірге ашық қалып отыр.