Беларусь президенті Александр Лукашенко америкалық блогер Марио Науфалға берген сұхбатында Украина басшысы Владимир Зеленскиймен қарым-қатынасы жайлы айтты. Оның сөзінше, екі ел басшыларының арасында достық байланыс болған, ал Зеленский саясаттағы алғашқы қадамдарын жасағанда жиі кеңес сұраған.Бұл туралы «Ұшқын» порталы хабарлайды.
«Мен оны ақылды, бірақ тәжірибесі аз саясаткер ретінде көрдім. Біз Украинада кездесіп, келіссөздер жүргіздік. Өзіме жақын қабылдап, оған әкелік көзқараспен қарадым. Алайда, кейін ол ұлттық радикалдардың ықпалына түсіп, үлкен қателік жасады», – деді Лукашенко.
Сұхбат барысында Марио Науфал Зеленскийдің қазіргі қиын жағдайына назар аударып, оның сыртқы күштердің қолындағы фигураға айналғанын атап өтті. Лукашенко да бұл пікірмен келісетінін білдіріп, Украина президентіне жанашырлық танытты.
Беларусь пен Украина арасындағы қарым-қатынас соңғы жылдары айтарлықтай өзгеріске ұшырады. Лукашенконың бұл мәлімдемесі сарапшылар арасында түрлі пікір туғызуда.