Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 13 шілде күні Швейцария Ұлттық банкін басқарушылар кеңесінің төрағасы Мартин Шлегельмен кездесті. Кездесу барысында екі елдің қаржы саласындағы ынтымақтастығын дамыту мәселелері талқыланды.
Президент швейцариялық мамандардың Қазақстан Ұлттық банкіне тәуекелдерді басқару және төлем жүйелерін жетілдіру бағыттарында техникалық көмек көрсетіп жатқанын атап өтті. Ол көрсетілген қолдауға жоғары баға беріп, екіжақты байланысты нығайту маңызды екенін жеткізді.
Мартин Шлегель өз кезегінде Қазақстанмен цифрлық қаржы мен ақша-кредит саясаты салаларында тәжірибе алмасуға және диалогты тереңдетуге мүдделі екенін айтты. Оның айтуынша, алдағы уақытта ұлттық валюталарға деген сенімді арттыру, валюта нарығын тұрақтандыру және цифрлық активтерді дамыту бойынша бірлескен жобалар жүзеге асуы мүмкін.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету және инновациялық шешімдер енгізу бағытында ынтымақтастықты кеңейтуге уағдаласты.
