Сурет: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық суперкомпьютер орталығында MedTech, EdTech, GovTech және өнеркәсіп салаларындағы бірқатар отандық ЖИ жобаларымен танысты. Президентке цифрлық шешімдердің мүмкіндіктері мен әлеуеті жан-жақты таныстырылды.
SmartCity Astana жобасы – елордада жасанды интеллект негізінде қауіпсіздік пен өмір сапасын арттыруды көздейтін бастама. 100 мыңнан астам бейнебақылау камерасы іске қосылып, қаланың цифрлық сыңары жасалады. Бұл қоғамдық орындардағы қауіптерді алдын ала анықтап, жедел әрекет етуге жол ашады. Жоба толығымен жекеменшік серіктес есебінен қаржыландырылған.
AlemLLM – қазақ тіліне бейімделген, дәлдігі жоғары үлкен тілдік модель. Ол білім беру, денсаулық сақтау, мемлекеттік басқару және басқа салаларда қолдануға арналған және балама шешімдермен салыстырғанда жоғары нәтижелер көрсеткен.
AI Kitap платформасы – оқушылардың жеке қабілеттеріне қарай білім беруге мүмкіндік беретін цифрлық оқулықтар экожүйесі. Жасанды интеллект әр оқушыға бейімделген оқу процесін ұсынады.
Baspana Hub – тұрғын үйге қатысты барлық қызметтерді бір платформада ұсынатын жүйе. Мұнда жылжымайтын мүлік іздеу, сатып алу, жөндеу-сметалық жұмыстарға тапсырыс беру, мемлекеттік қызметтерді алу мүмкіндігі бар. Жоба шетелдік инвестициясыз жүзеге асқан.
Президент бұл бастамаларды жоғары бағалап, отандық ЖИ жобаларын әрі қарай дамыту маңызды екенін атап өтті.
