Шымкент туралы орынсыз пікір айтқан әйелдің үстінен сотқа шағым түсті. Бұл туралы Ertenmedia хабарлады. Әлеуметтік желіде тарап кеткен бейнежазбада Ақмола облысының тұрғыны Шымкент тұрғындарын “оңбаған, өтірікші, суайт, аферист” деп балағаттап, жұрттың ашуын тудырған.
Аталған видео Шымкент қалалық мәслихатының төрағасы Бахадүр Нарымбетовтің қабылдауында түсірілген. Депутат ескерту жасағанымен, әйел өз сөзінен қайтпай, “жұрт сөйтіп жүр ғой” деп уәжін жалғастырған.
Бейәдеп сөзге қарсы шыққан журналист Ержан Мұқаш пен адвокат Бақыт Өсетов әлгі әйелдің үстінен ресми түрде арыз түсірді. “Бұл әрекет Шымкент халқының ар-намысына тиіп отыр. Қонақжай, кеңпейіл елге мұндай тіл тигізуге болмайды. Біз заң аясында жауапкершілікке тартуды талап етеміз”, – деді Ержан Мұқаш.
Заңгерлердің айтуынша, әйелдің бұл әрекеті ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы (ұлтаралық, әлеуметтік немесе рулық алауыздық қоздыру) және Әкімшілік кодекстің 73-3-бабы (қорлау) бойынша қарастырылуы мүмкін.
Әлеуметтік желі қолданушылары да бұл әрекетті өткір сынға алып, “ешкімді тегі мен тұрғылықты жеріне бола қорлауға жол берілмейді” деп пікір қалдыруда. Желіде атышулы видеодағы әйелдің блогер екені белгілі болды. Бұған дейін ол Шымкенттегі саябақ жөндеу жұмыстарына қатысты да сыни пікір айтқан.
