2014 жылы Қытайдың Гуанчжоу әуежайында ұсталып, есірткі тасымалдау айыбымен өмір бойына сотталған қазақстандық Ақжарқын Тұрлыбай тағдыры тағы да қоғам назарында. Сол кезде бойжеткен өз кінәсін мойындамаған, шетелдік танысының алдауы құрбаны болғанын айтқан еді.
Бірнеше жылға созылған үнсіздіктен кейін іс қайта қаралып, 2016 жылы алғашқы үкім жойылды. 2025 жылғы 3 қыркүйекте Гуанчжоу сотында жаңа тыңдалым өтті, онда Ақжарқын өз жауабын қытай тілінде беріп, өз позициясын қорғады.
9 қыркүйекте бойжеткеннің анасы президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ресми хат жолдап, қызын елге қайтаруға көмек сұрады. Кейін мемлекет басшысы Қытай сапары кезінде бұл мәселені жеке көтерді.
Бас прокуратура мен Сыртқы істер министрлігі іс бойынша белсенді жұмыс жүргізіп отыр. Негізгі күдікті – Нигерия азаматы Адинду Нонсо Фортуна – Интерпол арқылы іздестірілуде. Ал оның орналасқан жері анықталған соң, экстрадиция рәсімі басталады деп жоспарланып отыр.
Сенатор Геннадий Шиповских келіссөздердің халықаралық деңгейде жүргізіліп жатқанын атап, Қытай заңдарының қаталдығын еске салды. Дегенмен, ол мәселенің оң шешімін табатынына үмітті.
Ақжарқынның тағдыры – тек жеке адамның емес, халықаралық құқық пен азаматтық қорғау жүйесінің сынағы. Он жылдан астам уақыт бойы бостандыққа үмітін жоғалтпаған жас қыздың ісі қоғам назарын аударуды жалғастырып отыр.
Cурет: Kazinform.kz
