Оның орнына 1500 орындық жаңа мектеп салынады, деп хабарлайды Ushqyn.kz тілшісі AtyrauPress-ке сілтеме жасап.
№30 гимназиясының ескі ғимараты бұзылып, оның орнына барлық талаптарға сай заманауи мектеп бой көтереді. Құрылысты 2027 жылы аяқтап, мектепті қыркүйек айында ашу жоспарланып отыр.
Жоба жетекшісі Елнұр Закировтың айтуынша, жер телімінің аумағы 2,65 гектарды, ал ғимараттың өзі 4651 м² құрайды. Жаңа мектепте мыналар қарастырылған:
— 297 орындық акт залы;
— 274 орындық асхана;
— химия, биология және физикаға арналған заманауи кабинеттер;
— керамика және ағаш өңдеу шеберханалары.
Сонымен қатар, автотұрақ мәселесі де шешіледі — 60 орынға дейін қарастырылған. Мектеп аумағында спорттық және ойын алаңдары салынады. Құрылыс жұмыстарына шамамен 300 адам және 20-ға дейін арнайы техника жұмылдырылады.
Жалпы өңірде апатты деп танылған екі мектептің — Ыбырай Алтынсарин атындағы №11 мектеп пен №30 гимназияның — құрылысы басталды. 1961 жылы салынған №11 мектеп толық жаңартылып, заманауи форматта жұмысын жалғастырады.
