Қазіргі жаһандану жағдайында жоғары білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігі оның халықаралық деңгейде ықпалдасу дәрежесімен тікелей айқындалады. Осы тұрғыда академиялық ұтқырлық білім алушылардың кәсіби және тұлғалық дамуын қамтамасыз ететін маңызды тетік ретінде қарастырылады. Нархоз Университеті студенттерге бакалавриат және магистратура деңгейлерінде шетелде білім алу, тағылымдамадан өту және ғылыми-зерттеу қызметімен айналысу үшін кең мүмкіндіктер ұсынады.
Академиялық ұтқырлық бағдарламалары қысқа мерзімді және бір жылдық форматтарды қамтып, 30-дан астам елде жүзеге асырылады. Бұл бастама білім алушылардың халықаралық білім беру кеңістігіне енуіне, мәдениетаралық коммуникация дағдыларын қалыптастыруына және жаһандық еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттыруына ықпал етеді. 2014 жылдан бастап мыңға жуық студент шетелдік жоғары оқу орындарында білім алып, халықаралық тәжірибе жинақтаған. Сонымен қатар, университет 37 елдегі 140-тан астам серіктеспен ынтымақтастық орнатып, 35-тен астам ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыруда.
Халықаралық әріптестік аясында білім алушылар әлемнің жетекші университеттерінде білім алу мүмкіндігіне ие. Солардың қатарында Universiti Malaya ерекше орын алады. Бұл оқу орны Оңтүстік-Шығыс Азиядағы беделді университеттердің бірі ретінде танылып, сапалы білім беру мен ғылыми зерттеулердің жоғары деңгейімен ерекшеленеді.
Сонымен қатар, Жапониядағы Nagoya University of Commerce and Business (NUCB) халықаралық аккредитацияланған жетекші бизнес мектептердің бірі болып табылады. Аталған оқу орны AACSB, AMBA және EQUIS сияқты беделді халықаралық аккредитациялармен танылған және инновациялық кейс-әдіске негізделген білім беру моделін қолданады. Бұл тәсіл студенттердің аналитикалық ойлауын дамытып, оларды жаһандық деңгейдегі басқарушылық қызметке даярлауға бағытталған.
Академиялық ұтқырлық бағдарламаларының тағы бір маңызды бағыты – Корея Республикасындағы SolBridge International School of Business. Бұл оқу орны халықаралық стандарттарға сай білім беруімен және көпмәдениетті академиялық ортасымен ерекшеленеді.
Еуропалық білім беру кеңістігі аясында Польшадағы Poznań University of Economics and Business және University of Lodz сияқты университеттермен серіктестік орнатылған. Аталған оқу орындары білім алушыларға сапалы экономикалық білім алуға, ғылыми зерттеулер жүргізуге және еуропалық академиялық тәжірибені меңгеруге мүмкіндік береді.
Нархоз Университеті академиялық ұтқырлық білім беру сапасын арттырудың маңызды құралы ретінде студенттердің кәсіби құзыреттерін кешенді дамытуға ықпал етеді. Халықаралық тәжірибе болашақ мамандардың дүниетанымын кеңейтіп, оларды жаһандық ортада тиімді әрекет етуге бейімдейді.
Э.С.Куандыкова,
Нархоз Университетінің Құқық және мемлекеттік басқару мектебінің PhD докторы, қауым.профессоры
