Эмине Ердоған Мелания Трампқа Газадағы жағдайға байланысты хат жолдады,- деп хабарлайды Ushqyn.kz.
Түркияның бірінші ханымы Эмине Ердоған АҚШ-тың президенті Дональд Трамптың жары Мелания Трампқа Газа секторындағы гуманитарлық дағдарысқа назар аударуды өтініп хат жолдады. Бұл туралы Anadolu агенттігі хабарлады.
Эмине Ердоған өзінің хатында Мелания Трамптан Украинадағы жағдайға көрсеткендей жанашырлықты Газа халқына да танытуға шақырған. Ол сондай-ақ Ақ үйдегі алты жыл бұрынғы кездесудегі жылы шырайлы қабылдауды әлі күнге дейін ерекше құрметпен еске алатынын атап өтті.
Хатта Түркияның бірінші ханымы Газа бүгінде «заманауи тарихтағы ең ауыр қырғын мен геноцид алаңына» айналғанын жазды. Сондай-ақ ол халықаралық құқық пен адамзаттық құндылықтарды қорғаудағы жауапкершілікті сақтау және ортақ принциптер төңірегінде бірігудің маңыздылығына тоқталды.
