Алматыда үстел теннисінен халықаралық «WTT Youth Contender Almaty 2025» турнирі өтпек: Қазақстан намысын кім қорғайды,-деп хабарлайды Ұшқын тілшісі.

Шілденің 23-26 аралығында Алматыда үстел теннисінен халықаралық жарыс өтеді. «WTT Youth Contender Almaty 2025» деп аталатын додаға Халықаралық үстел теннисі федерациясының рейтингінде көш бастап тұрған үздік жас теннисшілер қатысады. Жарыстың нәтижелері спортшылардың рейтингіне әсер етіп, спорттық мансабын ілгерілетуге септігін тигізеді.
Дода World Table Tennis (WTT) ұйымының ресми күнтізбесіне енгізілген халықаралық жасөспірімдер турнирі саналады және Алматыда дәл осы ұйымның мұрындық болуымен ұйымдастырылып отыр. Турнирде дүниежүзінің түкпір-түкпірінен келген 235 спортшы жүлделі орындарды өзара таласқа салады. Оның ішінде Қазақстаннан халықаралық жарыстарда көзге түсіп жүрген 86 жас теннисші қатыспақ. Ал додаға қатысатынын растаған 15 мемлекеттің ішінде АҚШ, БАӘ, Гонконг, Жапония, Катар, Қытай Тайбэйі, Қырғызстан, Малайзия, Моңғолия, Сауд Арабиясы, Түркіменстан, Оңтүстік Корея, Өзбекстан, Үндістан, Қазақстан бар екенін атап өткен жөн.
«WTT Youth Contender» халықаралық турнирінің биыл Қазақстанда өтуі еліміздің үстел теннисі спортын дамытуға қосып жатқан үлесін және Алматының халықаралық жастар қауымдастығын дамыту алаңы ретіндегі рөлін айқындайды. Одан бөлек халық арасында үстел теннисін насихаттау, дамыту және жанкүйер болу мәдениетін қалыптастыруда айтарлықтай маңызға ие. Қазақстандық спортшылар Азия, Еуропа, Америкадан келген мықты қарсыластармен шетелге шықпай-ақ тең тұрып, бақ сынасу мүмкіндігіне ие болады. Отандық теннисшілер қатарында бүгінгі күні әлемдік додаларда үздік нәтижелер көрсетіп жүрген Құрманғалиев Алан, Қабдылуахитов Қадырали, Мамай Абдулла, Жұмағұл Абай, Маркин Алексей, Ералхан Дулат, Яковлев, Азаматұлы Нұрдаулет, Бекмухамбетова Жания, Фу Дарья, Лукьянова Мария, Әлжанова Аделя бар. Алматыдағы бұл кезең жасөспірімдер рейтингі жүйесінің бір бөлігі және ондағы көрсеткіштер жас теннисшілердің әлемдік рейтингтегі орнын айқындауға ықпал етеді.

Айта кетелік, спортшылар 11, 13, 15, 17 және 19 жасқа дейінгі жас ерекшеліктері бойынша жекелей және жұптық санаттарда өнер көрсетеді. Жоғары нәтижемен көзге түскен қатысушылар бағалы жүлделермен марапатталады.
Турнир Алматы қаласы, Нұркент шағын ауданы, 14Б мекенжайы бойынша орналасқан ADD Ustel Tennis Ortalygy спорт кешенінде өтеді. Кіру тегін.
Сонымен бірге матчтар республикалық спорттық «QazSport» телеарнасының эфирінде көрсетіледі.
