Қазақ қоғамында «көнпіс» мінез екі түрлі мағына береді. Бірі – сабырлы, төзімді, дау-дамайдан аулақ адам. Екіншісі – өз құқығын қорғай алмайтын, әділетсіздікке көніп жүре беретін жан. Өкінішке қарай, екінші ұғым бүгінгі күннің ащы шындығына айналып барады.
Көнпістік – кейде тәрбиенің, кейде қорқыныштың, кейде амалсыздықтың жемісі. Алайда ұрпақтан-ұрпаққа берілетін мұндай мінез – ұлтты ездікке емес, езгіге ұрындырады. Мұғалімге жала жабылса – үндемейді. Жемқор бастық қысым жасаса – көніп жүре береді. Баланың құқығы тапталса – «әй, қойшы» деп аса мән бермейді.
Көнбістік – қауіпсіздік емес. Бұл – әділетсіздіктің жайылып кетуіне жол ашатын үндеместік. Егер әр азамат өз орнында әділет үшін күреспесе, қоғам ешқашан түзелмейді. Жүйе де, заң да, басшылық та – үнсіз көпшіліктің реакциясына қарайды. Ал ол реакция болмаса, әділетсіздік қалыпты жағдайға айналады.
Нағыз көнбіс – ел мен ертеңнің жауапкершілігін мойнына алмайтын адам. Ал бүгінгі заман бейтарап болуды көтермейді. Қоғамға үнсіз тамашалаушы емес, белсенді араласушы керек.
Көнбестік — қыңырлық емес. Бұл – өз құқығыңды, абыройыңды, болашағыңды қорғау. Көнудің де шегі болады. Ал одан асып кеткен жерде үнсіздік – кінәмен тең.
