Өлмес бұрын, отбасыңды бір сәт ойладың ба?…
Сол сәтте – жүрегің сыздағанда, жаның шаршағанда, бәрінен үмітің үзілгенде – бір сәтке ғана көз алдыңа анаңның жүзін елестетші. Сен дүниеге келген күннен бастап жанын шүберекке түйіп, әр деміңе алаңдап келген адам. Әкеңді ойла. Үндемей жүріп-ақ бәрін көтеріп жүрген, бәлкім, сені жақсы көретінін ешқашан айтпаған, бірақ әр әрекетінде сездірген әкеңді…
Өзіңнен кейінгі қарындасың не інің ше? Олар сені пана көріп жүр. Сен кеткен соң олардың көзінен үміт оты өшетінін білесің бе? Сенің болмысың – бір отбасының тірегі, жүрегі.
Өмір ауыр. Кейде тым әділетсіз көрінеді. Бірақ ол – мәңгі солай емес. Қара түннің артында әрқашан таң бар. Таң да, жылулық та, мейірім де – отбасыңда. Олар сен үшін өмір сүруге дайын. Тек сен де соған лайық бол.
Қиындықтан құтылудың жолы – өлім емес. Өмір сүрудің жаңа себебін табу. Ол себеп – сенің жаныңды сүйетін адамдар. Және солар үшін күресу.
Өлмес бұрын, бір сәт болса да… отбасыңды ойла. Олар сені ұмыта алмайды. Сен де оларсыз толық емессің. Жан жарасы емделеді. Тек уақыт керек.
Бірақ сен керексің. Тірі кезде – сүйікті, қажетті, орны толмас жан екеніңді ұмытпа.
Автор: Бердалы Ораз
