Сені кемсітіп, төмендетуге тырысатындар – олар өз ішкі әлсіздігін жасырып жүрген жандар. Олар сені емес, өздеріне ашулы. Саған қарап тұрып, өз мүмкіндіктерінің шектеулі екенін сезінеді. Сол үшін сені сөгіп, сынға алып, мазақ еткісі келеді. Бірақ шындық біреу – сен олар айтқан адам емессің. Сен бұдан әлдеқайда артықсың.
Адамды кемсіту – ардың емес, ашудың тілі. Жек көру – түсінбеуден туады. Саған тіл тигізгендердің сөзін жүрекке жақын алма. Олар – сені тоқтату үшін емес, сені шыңдау үшін жіберілген сынақтар ғана. Саған тағылған әр әділетсіз сын – сені шынықтырып жатқан өмірдің сабағы.
Кемсіткенге жауап қайтару – әлсіздің ісі. Ал үнсіз күліп, өз жолыңмен алға жүру – мықтылықтың белгісі. Ең жақсы жауап – табысың, тыныштығың және тектілігің.
Сені жек көретіндерге ренжіме. Оларды кешір. Олар – сені өзіңнің шынайы биігіңе жеткізу үшін керек болған адамдар. Сабағын ал да, артына қарама.
Сен – ешкімнің сөзіне тәуелді емессің. Сен – өзіңнің бағасын білетін жансың.
Автор: Бердалы ОРАЗ
