Қоғамда жуастықты жиі «әдептілік» деп қабылдаймыз. Бірақ кейде тым жуас болу — әділетсіздікке көну, үндемей жұтудан ары аспау болып кетеді. «Жуас түйе жүнде жығылады» деген халық нақылы да бекер емес.
Бүгінгі заманда өз құқығын қорғай алмайтын, әділетсіздікке қарсы тұра алмайтын адам көп жағдайда ездікпен теңеледі. Бұл әсіресе мемлекеттік органдарда, жұмыс орындарында, оқу ордаларында айқын көрінеді. Біреудің қиянатына көніп, «амалым жоқ» деп отыру – келесі жемқорлыққа, басынуға жол ашу деген сөз.
Жуастық пен көнбістік арасындағы шекараны ажырата білуіміз керек. Адам мейірімді, сабырлы бола алады, бірақ әділетсіздікке қарсы үнсіз қалмауы тиіс. Қазіргі қоғам белсенді, білімді, өз пікірін ашық айтатын адамдарға мұқтаж. Олар ғана жүйені өзгертеді, қорғансызға қорған бола алады.
Өз құқығын білмеген, білсе де пайдаланбаған адам – ертеңгі күні өзі емес, ұрпағы шеккен әділетсіздікке жол береді. Сондықтан әр азаматтың үнсіздігі — қоғамның әлсіздігі.
Жуас болу — жаман емес. Бірақ әділетсіздік алдында жуас болу — қауіпті. Себебі қоғамды өзгерту үшін ерік те, әрекет те керек. Ұлт рухы батылдықпен көтеріледі. Ал батылдық — ұлттың ұяты..
